Қазақстан мен Әзербайжан жалпы ұзындығы 380 шақырым болатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Рәсімге президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қатысты, деп хабарлайды Dispatch Ақордаға сілтеме жасап.
Каспий теңізінің түбімен тартылған желі «Қазақтелеком» АҚ мен әзербайжандық AzerTelecom компаниясының бірлескен күшімен салынды. ТОБЖ Қазақстанды, Орталық Азияның басқа елдерін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын жаңа бағыттың бір бөлігі болады. Болашақта желіні Жерорта және Қара теңіздердегі теңіз жүйелеріне қосуға болады.
Жобаның Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту үшін стратегиялық маңызы бар. Транскаспий ТОБЖ елдің халықаралық байланысын қосымша күшейтіп, жаһандық технологиялық компанияларды тартуға, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.
Іске қосу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа байланыс желісі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігеріне қуатты синергиялық әсер беретінін айтты.
Біз аса маңызды жобаны іске қостық, оның халықаралық мәні болады. Ең бастысы – бұл жаңа үлгідегі дәліз. Бұл көлік дәлізі емес, қазіргі заманға, цифрландыру дәуіріне сай келетін жаңа құбылыс. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа форматы, Орта дәліздің өзіндік цифрлық көрінісі,
– деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев өз кезегінде ТОБЖ-ның іске қосылуын Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолындағы тағы бір қадам деп атады.
Өткен жылы Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріне толыққанды мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қатыстым. Бұл жоба ынтымақтастықты тереңдетуге кезекті үлес болды, өйткені ТОБЖ-ны Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ елдері де, сондай-ақ кеңірек географиялық ортадағы елдер де пайдаланатын болады. Біз бүгін жаһандық жобаға бастау бердік,
– деді Әзербайжан Республикасының Президенті.
Ашылу рәсімінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин де сөз сөйледі.
Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімді алмасу рәсімі өтті.
